Павлодарда көпқабатты үйден құлаған мұз кесегінен басынан ауыр жарақат алған 25 жастағы әйелге қатысты оқиғаның мән-жайы анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға абайсызда 12 жастағы қыз бала себеп болған.
"Кәмелетке толмаған қыздың айтуынша, ол балконда тұрған кезде мұзды сындыруға әрекет жасаған. Сол сәтте мұз кесегі қолынан байқаусызда сырғып кетіп, төменге құлап, сол маңнан өтіп бара жатқан әйелге тиген", – деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, оқиғадан кейін қыз қорқып кеткендіктен, болған жағдайды ересектерге де, ата-анасына да айтпаған.
Баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қыздың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.