Павлодар облысында соңғы күндері ЖРВИ мен тұмауға шалдыққан тұрғындар қатары күрт көбейді. Бір күннің өзінде мыңнан астам шақырту түсті. Сондықтан медицина мамандарының жұмысы күшейтілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Аймақта эпидемиологиялық ахуал өршіп тұр. Облыстық жедел жәрдем станциясының қосымша медициналық бригадаларды шығарып, емханалар 20.00-ге дейін жұмыс істейтін болды.
"ЖРВИ белгілері бар сырқаттың күрт көбеюіне байланысты жедел жәрдем станциясы күшейтілген режимге көшті. Тек екі тәуліктің ішінде екі мыңнан астам шақырту түсіп, мамандар мыңға жуық адамға кеңес берді. Соңғы уақытта мұндай көлемдегі шақырту болған емес", – дейді жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ольга Вербовая.
Қоңыраулардың 700-ден астам ЖРВИ мен тұмауға байланысты болған. Оның ішінде сырқатқа шалдыққан 474 бала бар. Бұл ретте Ольга Вербовая ЖРВИ белгілерінің байқалуы IV санатқа жететінін еске салды. Сондықтан дәрігерлер 60 минут аралығында келеді. Мұндай шақыртуларға емханалардың дәрігерлері де баруы мүмкін. Ал 103 қызметі тек алғашқы көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда ауруханаға апарады. Станция дәрігерлері дәрі-дәрмек жазып, ем тағайындап, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ашпайды. Жалпы, эпидемиологиялық маусым басталғалы ЖРВИ-дің 100 мыңнан астам, тұмаудың 30-дан астам жағдайы тіркелді.
Павлодар облысында қызылшаға қатысты жағдай да мәз емес. Жыл басынан бері 1600-ден астам тұрғын қызылша ауруына шалдыққан.
"Бүгінгі күні көкжөтел мен қызылша әлі де тіркелуде. Айталық, былтыр қызылшаның 245 жағдайы болса, биыл жыл басынан бері 1623 адам аталған дертке шалдықты. Демек, бір жылда сырқат көрсеткіші 214,8%-ға өсті. Олардың ішінде 14 жасқа дейінгі 1055 бала мен 103 жасөспірім бар", – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова.
Мамыр мен қыркүйек айлары аралығында дәрігер көмегіне жүгінгендер саны азайып, аурудың беті қайтқанымен, қазаннан бастап қайта өршіді. Бұл айда жаңадан 13 жағдай тіркелді. Қарашада 23 бала ауырды. Ал желтоқсанда қызылшаға шалдыққан екі балаға мамандар көмек көрсетті. Бүгінгі таңда 3 жасқа дейінгі үш бала облыстық балалар инфекциялық ауруханасында қызылшадан ем алып жатыр.