Павлодарда жұмыс іздеген жастарға арналған мобильді қосымша пайда болады

1429

Павлодарда жұмыс іздеген жастарға арналған мобильді қосымша пайда болады

Павлодарда өңірдегі жастарды жұмысқа қамту бойынша мобильді қосымша мен бос уақытты өткізуге арналған сайт әзірленуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы өңірлік коммункациялар қызметінде "2017 жылға арналған жастар саясатын жүзеге асыру мен мақсат-міндеттері" атты баспасөз жиынында облыстық жастар саясаты мәселелері бойынша басқармасының басшысы Наталья Нефедова мәлім етті.

"Ағымдағы жылдың наурыз айында "Жастар.Калым" атты мобильді қосымшаны іске қосу көзделіп отыр. AppStore арқылы жүктелетін қосымшаға кез келген адам өзіне қажетті мамандықты енгізіп, қай мекемеде бос орын бар екенін анықтай алады. Бұдан басқа, "Кино.кз" сайты үлгісінде тағы бір мобильді қосымша дайындалуда. GPS жүйесімен жабдықталған порталда жастардың бос уақытын қамтуға арналған бассейн, кинотеатр, аула клубтары, дәмхана, сауда үйлері сынды мекемелердің екі айлық жоспары тұрады. Бүгінгі күні коммерциялық және бейкоммерциялық 154 мекеменің жұмыс кестесі сайтқа енгізілді. Қалған 300-і алдағы уақытта қосылады", – деді Наталья Нефедова.

Басқарма басшысының айтуынша, аталмыш қосымшаның жастарға берері мол.

"Мысалы, сіз 3-наурыз күні сағат 10.00-12.00 аралығын енгізесіз. Сайтта қай мекемеде қандай шара өтіп жатқаны жайында ақпарат көрсетіледі. Осылайша, қалаған жеріңізге барасыз немесе GPS арқылы Торайғыров көшесін белгілесеңіз, жақын маңда қандай дәмхана, аула клубы, бассейн бар екенін білуге болады", – деді ол.

Айта кетейік, 2017 жылдың 1-қаңтарындағы көрсеткіш бойынша өңірде жастардың жұмысқа орналасу деңгейі 91,2 %-ды құраған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу