Павлодар облысында полицияға құқық бұзушылық туралы хабарлауға мүмкіндік беретін мобильді қосымша арқылы тұрғындардың өтініштері қабылданып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полиция мәліметінше, қосымша арқылы азаматтар құқық бұзушылық туралы бейне және аудио қоңырау, сондай-ақ мәтіндік хабарлама жібере алады. Оператор оқиға орнын онлайн бақылап, хабарласқан адамның орналасқан жерін анықтап, тиісті шара қабылдайды.
Мәселен, қала тұрғыны қосымша арқылы Олжабай батыр көшесінде Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, апатты жағдай туғызғаны туралы хабарлаған.
Ақпарат автопатрульге жолданып, полиция қызметкерлері жүргізушіні анықтады. Оған қатысты әкімшілік материал толтырылды.
Полиция тұрғындарды көмек қажет болған жағдайда немесе жанжалға тап болған кезде мобильді қосымша арқылы жүгінуге шақырды.