Соңғы жылдары жылу құбырлары мен жылу-электр орталықтарындағы құралдардың тозуы – таңсық дүние емес. Соның салдарынан былтырдан бері бірнеше қаланың тұрғындары қыстың көзі қырауда "қатып" қалмаудың амалын жасап жүр. Жылдар бойы қордаланған бұл мәселе павлодарлықтарға да жақсы таныс, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Екі апта дересінде Павлодар облысында ауа температурасы төмендеп, сынап бағанасы -35 градусқа дейін түскені сол еді, тұрғындар тарапынан пәтер ішінің күрт суып кетуіне байланысты шағым көбейді. Бұл күндері жылу жеткіліксіздігіне байланысты 200-ге жуық өтініш түсті.
Мәселенің анық-қанығын қараған мамандар 153 жағдай пәтер иелері кооперативтерінің кінәсінен орын алғанын алға тартса, тағы 31 баспана жылу желілерінің тозуы салдарынан дұрыс жылытылмағанын анықтады. Олқылықтарды жою бойынша жұмыстар атқарылды. Бірақ оның қаншаға дейін жетері беймәлім. Тағы сақылдаған сары аяз келсе, бұл пәтерлер де аңырап кетуі әбден мүмкін.
Жалпы, тұрғын үйлерде жылудың төмен болуына басты себеп – жылу желілерінің әбден ескіруі. Облыс орталығында бүгінде 800 шақырым жылу құбыры бар десек, оның 90%-ы тозған. Желілерді ең ұзақ дегенде ширек ғасыр пайдалану қажет болса, олар жарты ғасырдан астам уақыт бойы жылу жеткізіп келеді. Сол уақыт аралығында жөндеу көрмеген желілер де бар. Ол аздай Павлодар қаласындағы жылу-электр станциялары да "қалт-құлт" етіп тұр. Айталық, №3 орталықтағы құралдардың 56%-ы, №2 станциядағы қондырғылардың 80 пайызы ескі.
"Павлодар қаласындағы жылу желілерін 2030 жылға дейін дамытудың бағдарламасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Соған сәйкес, жылу желілері қайта құрылып, салынатын болады. Алдағы он жыл дересінде осы бағыттағы жұмыстарды жоспардағыдай орындай алсақ, құбырлардың тозу көрсеткіші 90%-дан 50%-ға дейін азаяды. Сонымен қатар, бүгінде техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Ол 7 жыл ішінде жылу станцияларындағы 3 турбинаны ауыстыруға мүмкіндік береді. Алғашқысын 2025 жылы жаңарту ойда бар", - дейді "Павлодар жылу желілері" ЖШС Марат Иманаев.
Айта кетейік, соңғы бес жыл аралығында облыс орталығында шамамен 30 шақырым жылу магистарлі қайта жаңғыртудан өтті. Биылдың өзінде төрт шағын аудандағы 15 шақырым құбыр ауыстырылды. Алдағы алты жылда тағы 158 шақырымын жаңарту жоспарланып отыр.
Осылайша, жергілікті билік пен жылумен қамтуға жауапты кәсіпорындар басшылығы ескі құбырлардың тозу көрсеткішін кезең-кезеңмен 50%-ға дейін азайтуды көздейді.