Павлодарда жылыту маусымы әдеттегіден ерте аяқталмақ

165

Себебі солтүстікте күн күрт жылынуы мүмкін.

Павлодарда жылыту маусымы әдеттегіден ерте аяқталмақ Фото: pavon.kz

Әдетте Павлодар облысында жылыту маусымы 15 сәуірден кейін аяқталып, сынақ өткізілетін. Бірақ биыл бұл мерзім сәл жылжыды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өткен аптаның соңында облыстық әкімдікте өткен жиын барысында да жауапты сала өкілдері жылыту маусымының 14 сәуірде аяқталатынын айтқан. Кейін жақын күндерде ауа температурасының +20, 23 С° дейін көтерілуіне байланысты тұрғын үйлердегі жылуды 10 сәуірден бастап өшіруді жөн деп шешті.

Бұдан кейін бірден жылу желілерін сынақтан өткізу басталады. Бұл аралықта баспаналар ыстық судан да ажыратылады.

"Қаланың оңтүстік бөлігінде 10-21 сәуір, солтүстік бөлігінде 12-28 сәуір аралығында ыстық су болмайды. Егер сынақтар барысында ақаулар анықталмаса, ыстық су бірден беріледі. Ал қандай да бір кемшіліктерді байқасақ, сол жылу желісіне қосылған баспаналарға ыстық су беру мерзімі кейінге шегеріледі. Нақты қосылу уақытын ресми сайттағы кестеден көруге болады",  деп хабарлады "Павлодарэнерго" АҚ басшылығы.

Жергілікті энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, өңір тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз етіп, алдағы жылыту маусымында жылу желілеріндегі гидравликалық және температуралық режимдерді жақсарту үшін 16,1 млрд теңгеге 31 шақырымнан астам желіні жаңарту жоспарлануда.

Павлодарда №5 сорғы станциясын салу, 5 шақырым магистральдық жылу желілеріне, 10,6 км квартал ішіндегі желілерге күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Екібастұзда ЖМ-2 және ЖМ-7 қайта жаңартылады және жылу желілері күрделі жөндеуден өтеді. Ақсу қаласының № 3, 5, 8 шағын аудандарының квартал ішіндегі жылу желілері қайта жаңартылып, жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу