Павлодар қаласындағы әуежай осыдан төрт жыл бұрын жекешелендірудің жоспарына енгізілген болатын. Ал бүгінде жергілікті билік пен Үкімет бұл ойын кейінге шегеруді құп көріп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Атап айтқанда, мемлекет акцияның 49%-ын жекенің қолына беруді көздеген. Бастапқы үш жылда сенімгерлік басқаруға өтсе, кейін бұл мерзім аяқталған соң толығымен сатып алуға тиіс болады. Сол үлесті 1 млрд теңгеге бағалады.
Алайда, бұл істің барлығы үш жылдан соң ғана басталмақ. Сол уақытта акция бағасының өсетіні тағы бар.
"Келесі жылы әуежайдың ұшу-қону жолағы жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа 16 млрд теңге қарастырылып отыр. Мұндай қомақты сомаға жоспарлы істі жүргізген соң ғана компанияның жартысына жуығын сатылымға шығару мәселесіне ораламыз", – деп түсіндірді Павлодар облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатов.
Болашақ инвесторға қойылатын тағы бір талап – оның 16,4 млрд теңге көлеміндегі соманы әуежайдың дамуына жұмсауы. Атап айтқанда, бұл сома аэровокзалды қайта қалпына келтіруге, ұшу-қону жолағын ұзартуға, арнайы техникалар сатып алуға бағытталуы керек. Жолаушылар тасымалымен айналысатын бұл кәсіпорын стратегиялық маңызы бар нысан болғандықтан, акцияның қалған 51%-ы мемлекет меншігінде қала бермек.
Жалпы, бұл – әуежайды түрлі құрылымдар арасында алмасудың алғашқы жағдайы емес. 1998 жылы ол "Иртыш-Авиа" компаниясының құрамынан бөлініп, жеке кәсіпорын ретінде құрылды. 2000 жылы акцияның 100%-ы Павлодар облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілді. Алты жылдан соң алдымен Көлік және коммуникациялар министрлігінің, кейін "Самұрық Холдинг" АҚ басқаруына өтті. Ал, 2018 жылы 9,2 млрд теңгеге сатылымға қойылды. Бірақ бұл уақытта әуежайды сатып алуға ниетті инвестор табылған жоқ. Сол себепті тегін түрде әкімдікке берілді. Әлі күнге дейін жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының қарауында жолаушыларға қызмет көрсетіп келеді.
Бүгінде Павлодардағы әуежайдан ұшақпен Алматы мен Астана қалаларына ғана жетуге болады.