Облыс орталығындағы автобустарды күтетін орын "қолының уы бар" кейбір адамдардың сүйікті жеріне айналғандай. Себебі шыныдан жасалған аялдамалар жиі вандализмнің "құрбаны" болып жатады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы, Павлодар қаласындағы барлығы 145 аялдама бар. Бір жылға жетер-жетпес уақытта оның жартысынан астамын жаңартуға тура келді. Әсіресе, Назарбаев даңғылы, Ак.Сәтбаев, Естай және Қамзин көшелерінің бойындағы аялдамаларды көп жағдайда мас күйдегі адамдар сындырады.
Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекованың сөзінше, шыныдан жасалған аялдамаларға хабарландыру жапсыратын азаматтар да жиі кездеседі. Олар жарнама орналастыруға болмайтынын біле тұра, мұндай қадамға барады. Мұндай аялдамаларды қалпына келтіру де оңай емес.
"Мердігер – "Триплекс" компаниясы 17 млн теңгеге 230 шыны сатып алды. Оларды сынған, бұзылған аялдамаларды жаңартуда пайдаланатын болады. Сондай-ақ, металлдан жасалған аялдамалар жиі қирайды. Кейде ережелерді сақтамаған жүргізушілер соғылады, енді бірде ұрылар металл констукцияларды қолды етеді", - дейді ол.
Павлодар қаласы жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Дүйсекенов жоғарыда аталған жағдайларда мүлікке зақым келтірген азаматтар 10 тәулікке дейін қамауға алынып, 5 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін екенін ескертті.
Бұл ретте аялдамалар дайындауға сотталушылардың да қол ұшын тигізіп жатқанын атап өту керек. Орташа қауіпсіздік жағдайындағы №45 түзету мекемесінде жазасын өтеушілер сол арқылы қалаға пайдасын тигізіп қана қоймай, ақша тауып, шығындарын өтеуде.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар аялдамалардың негізгі қаңқасын дәнекерлейді. Кейін оларды қаптауда қолданып, аялдамалар ішіне орындықтар мен жарық шамдарын қояды. Сотталушылар барлығы 40 аялдаманы жасап бермек.
Ал ұрылар мен вандалдардың әрекеттеріне тосқауыл қою әрі тұрғындардың сауаттылығын арттырып, білім көкжиегін кеңейту үшін қыркүйектен бастап аялдамаларға қазақтың біртуар азаматтарының суреттері, өмірбаяндары мен еңбек жолдары туралы мәліметтер орналастырылуда. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов, Дихан Әбілов, Кәукен Кенжетаев, Қабдыкәрім Ыдырысов және басқа да көрнекті тұлғалар туралы ақпараттар қойылмақ. Барлығы 40 аялдамаға 19 адамның өмірі мен шығармашылығы туралы жазылады.