Павлодардағы балабақша қызметкері әріптестерінің атына 14 млн теңге несие ресімдеген

Бұл қомақты соманы өз қалтасына басқан.  

Павлодардағы балабақша қызметкері әріптестерінің атына 14 млн теңге несие ресімдеген Фото: pavon.kz

Облыс орталығындағы балабақшалардың бірінде қызмет ететін маман 2023 жылы өзі де алаяқтардың құрбаны болып, берешекке белшесінен батқан екен. Сол қарыздың орнын толтыру үшін өзі де осындай қитұрқы әрекет жасаған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, №84 бөбектер бақшасында дене шынықтыру жөніндегі үйлестіруші болып еңбек еткен 32 жасар маман мұндай алаяқтықты алғаш рет 2022 жылы жасаған. Сол тұста бес әріптесінің әрқайсысынан 17 мың теңге жинап алып, "Инклюзивті білім беру" бағдарламасы бойынша оқудан өтпей-ақ құжаттарды ресімдеуге уәде еткен. Ал өткен жылы әріптестерінің ақпараттық жүйелерді жетік білмейтінін пайдаланып, жұмысқа керек бағдарламаларға тіркеуде көмек көрсетемін деген желеумен олардың атынан телефон арқылы несие ресімдеген. Бірнеше ай аралығында шамамен 14 млн теңге несие алып үлгерген.

Ол сот отырысы барысында қаржылық қиындықтарға тап болған соң осындай амалға баруға мәжбүр болғанын түсіндірген. 2023 жылы оған сауда-саттық алаңынан арзанға пәтер алуды ұсынған. Ол үшін 4,5 млн теңге ақша беріп, алайда алданып қалған. Сол тұста полицияға шағым түсірмеген. Есесіне өзі өзге адамдарды алдауға көшкен.

Бөбектер бақшасының қызметкері кінәсін толығымен мойындады. Сот оның бас бостандығын 4 жылға шектеу жазасын тағайындады. Жәбірленуші тарап бас бостандығынан айыруды талап еткен жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу