Бүгін кейбір мектептердің электронды пошталарына ғимаратта бомба қойылғаны туралы ақпарат түскен. Бірақ қандай да бір жарылғыш заттар табылған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Атап айтқанда, облыс орталығындағы №34 мектептің директоры жарылғыш заттың қойылғаны туралы мәлімет жазылған хаттың түскенін тиісті органдарға хабарлады. Дәл осындай мазмұндағы хат №6, 35, 15, 9 және 28 мектептерге де түскен боп шықты. Соңғы екеуі хабарламаны сенбі күні алғанымен, полиция өкілдеріне хабарламапты.
"№34 мектеп толығымен тексерілді. Барлығы 1115 адам эвакуацияланды. Олардың қатарында 950 оқушы бар. Ал №35 мектептен 1 мыңға жуық адам сыртқа шығарылды.
Ғимараттарда күмәнді немесе жарылғыш заттар болған жоқ. Аталған жайтқа қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр", - деп хабарлады полиция департаменті.
Хаттың авторы "үнемі бәрін жек көргенін" және басқалары да сондай сезімді сезінуді қалағанын жазған көрінеді. Арнайы қызмет өкілдері оқиға орнындағы жұмысын жалғастыруда.