Павлодардағы ең ірі саябақты қалпына келтіру жұмыстары басталды

1105

Биыл мұнда 900 көшет отырғызылмақ. 

Павлодардағы ең ірі саябақты қалпына келтіру жұмыстары басталды

Облыс орталығындағы Металлургтер саябағы осыдан 4 жыл бұрын ERG компаниясының қаржысы есебінен адам танымастай өзгерген еді. Бір кездері қараусыз қалған саябаққа ойын, спорт алаңдарын орнатып, көшеттер отырғызуға кәсіпорын басшылығы 300 млн теңге жұмсады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бірақ арада бір-екі жыл өтер-өтпестен ең ірі саябақ "таз" қалпына қайта оралды. Жерасты суының көтерілуі салдарынан көшеттер тамыр тартпай, жасыл желек жайқалмай қалды. Күтіп-ұстау жұмыстары да дер кезінде жүргізілген жоқ. Сондықтан саябақта серуендейтін тұрғындар қатары сиреді. Ал 12 гектардан астам аумақты алып жатқан алқап сүреңсіз орынға айналды.

Енді Павлодар облысының билігі мен бір топ биологтар саябақты қалпына келтіру жоспарын жасады. Соның негізінде дренаждық жүйе тартылып, 400 жаңа көшет отырғызылды. Алдағы сенбіліктер кезінде тағы 500 ағаш егіледі. Рекреациялық аймақты көгалдандыру үшін 6-7 жылдық жапырақты ағаш түрлеріне басымдық берілмек.

"Қалалық урбанистика кеңесі бұл саябақтағы инфрақұрылымды азайтып, көгалдандыруға көңіл бөлуді жөн деп шешті. Металлургтер саябағында иттерді серуендетуге арналған ашық тор, пейнтбол, шағын футбол мен баскетбол алаңдары, воркаут пен балалардың ойын алаңы болады. Қазір саябақтың дренаждық жүйесі жұмыс істеп тұр. Жер асты суының басуы байқалмайды", - дейді Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов.

Жалпы облыста жарияланған тазалық айлығының алғашқы сенбілігі барысында аймақта 5 мыңға жуық көшет отырғызылып, 43 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Ол үшін 600-ге жуық техника жұмылдырылды. Тазалық жұмыстарына барлығы 35 мың адам қатысты.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу