Бүгін Павлодар облысы тұрғындарының бірі облыс орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, ғимарат ішінде бомба бары туралы айтқан, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының филиалы хабарлағандай, тұрғын 13 тамыз күні таңертең Павлов көшесі, 48 мекенжайындағы халыққа қызмет көрсету орталығының көмегіне жүгінген. Сол кезде мекемеде жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған.
"Халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығы бірден 102 қызметіне қоңырау шалып, барлық қызметкерлер мен клиенттер эвакуацияланды. Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты қоршауға алынып, өрт сөндіру, медициналық қызмет өкілдері жедел жетті. Саперлер іздеу жұмыстарын жүргізді. Бірақ қандай да бір жарылғыш зат табылған жоқ. Жалған ақпарат берген азаматты полиция департаментінің қызметкерлері ұстады", - деп мәлімдеді мекеменің баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде орталық жұмысы қайта жалғасып, тұрғындарды қабылдау штаттық режимде жүріп жатыр.