Тұтынушылар тарапынан күрт артқан сұраныс бағаға әсер етпей қоймады. Бұған дейін сауда орындарында қанттың келісі ары кетсе 290-300 теңге болса, қазіргі баға – 380-415 теңге аралығында. Ал тұрақтандыру қорынан әлеуметтік дүкендерге таратылатын қанттың бағасы өзгеріссіз қалды. Қоймадан келісі 240 теңгеден босатылатын өнім әлеуметтік сауда орындарында 264 теңгеден сатылуда. Бірақ жақын күндері оның да бағасы өсуі ықтимал. Бұл туралы жергілікті кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Талғат Дұғалов айтты.
"Қазір тұрақтандыру қорында 2 мың тонна қант бар. Бұл көлем жарты жылға жетеді. Жыл соңына дейін үздіксіз жеткізіледі. Сондықтан тапшылық болмауы тиіс. Тек бағаның өзгеруі мүмкін. Қазір дүкендерге 240 теңгеден жеткізіліп жатқан қантты тұрақтандыру қоры 290 теңгеден алған еді. Яғни әр келіден 50 теңгеге шығындалып отыр. Одан кейінгі партия 315 теңгемен келді. Оны да 240 теңгеден босату қордың "қалтасына" салмақ салары анық. Сондықтан 900 тонна өнімнің босату бағасы 260 теңге болатын шығар. Бірақ дүкендердегі бағасы 290 теңгеден аспайды. Бұған қатысты соңғы шешімді арнайы комиссия айтады", – дейді Талғат Дұғалов.
Ал павлодарлық тұрақтандыру қоры өнім алатын Тараздағы қант зауыты қазірдің өзінде өнімнің бір келісінің бағасын 380 теңгеге дейін көтерген көрінеді. Демек алдағы уақытта өңірдің сауда сөрелеріндегі қант бағасы 290 теңгеден де асып түсуі ғажап емес.
Ажар Дәулетова
Фото: Константин Шелков