Павлодардағы кәсіпкерлердің жартысынан астамы қыз-келіншектер

589

Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Павлодарда "Ертіс маңындағы іскер әйелдердің форумы" атты іс-шара өтті.  

Павлодардағы кәсіпкерлердің жартысынан астамы қыз-келіншектер

Форумға ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов, облыстық кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтардың өкілдері және өңірдегі іскер ханымдар қатысты.

Іскер ханымдардың арасында тәжірибе алмасу, жаңа бизнес-идеяларды іздеу, облыс экономикасында қыз-келіншектердің үлесін арттыру мақсатында іс-шараны "Атамекен" өңірлік іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған.

Ұлттық комиссия төрайымы іс-шарада айтқан алғы сөзінде өңірдегі бизнес субъектілердің жартысынан астамы, атап айтқанда 63,3%-ын қыз-келіншектер құрап отырғанын атап өтті. Бүгінде өңірдегі іскер ханымдар білім беру және қызмет көрсету  салаларынан бастап ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс салаларында қызмет етуде.

"Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әйелдердің күш-жігері мен отбасын асыраймын деген ұмтылысы ел экономикасының көтерілуіне бірден-бір септігін тигізгенін білеміз. Бүгін де қыз-келіншектеріміз кәсіпкерлікте өз орнын тапты. Әйелдер басшылық қызметте істі өрге дөңгелетсе, отбасында аяулы жар, мейірімді ана. Бұл өңір де осы үрдістен қалыс қалған емес. Соңғы 30 жылда елімізде жасалған қолдаудың арқасында әйелдер кәсіпкерлігі аяғына нық тұрды. Павлодар облысының экономикасында, мәселен, кооперация қағидаты арқылы ауылды елдімекендерде жаңа жобаларды іске асыруда қыз-келіншектердің әлеуеті әлі де зор", – деді Ләззат Рамазанова.

Ұлттық комиссия төрайымы атап өткендей, жаңа жобаларды іске асыруға қажетті білім мен ресурстарды Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарында алуға болады. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, ҚР Ұлттық экономика министрлігі және "Атамекен" ҰКП қол қойған  келісім аясында, мұндай орталықтар биылдан бастап еліміздің барлық өңірінде ашылмақ.

"Павлодар обылысында мұндай орталық келер жылы ашылады. Қала мен ауылдағы қыз-келіншектер бизнесті жүргізу турасында тегін кеңес алып, ал кәсіптегі іскер ханымдар жетекшілік жағынан қолдау танытатын болады. Осылайша, қыз-келіншектер оқыту курстарынан, тренингтерден өтуге, грант пен несиеге қол жеткізуге мүмкіндік алады. Нәтижесінде, бұл қыз-келіншектердің жұмыспен қамтылуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді", – деді Ләззат Рамазанова.

Сондай-ақ форумда өңірдегі қыз-келіншектердің мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде қаржылай емес қолдау шараларын кеңінен қолданып отырғаны туралы айтылды. Жыл басынан бері Өңірлік кәсіпкерлік палатасына жүгінген 350-ден астам қыз-келіншек тегін бизнес қызмет алған. Қаржыландыру бойынша сүйемелдеу қызметі 123 қыз-келіншекке ұсынылған. Нәтижесінде, 69,7 млн теңге сомасында 41 несие мақұлданған.

Сонымен қатар іс-шарада "Аруана бизнес құрметі" сыйлығының өңірлік қорытындысы жарияланды. Ұлттық комиссия төрайымы атаулы сыйлықты "Еңбек-Жол" шаруа қожалығының басшысы табыстады.

ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның атынан өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар іскер ханымға алғыс хат берілді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу