Павлодардағы көмір кесектерін шығаратын зауыт Оңтүстік Кореяның жабдығымен жұмыс істейтін болады

1235

Павлодардағы көмір кесектерін шығаратын зауыт Оңтүстік Кореяның жабдығымен жұмыс істейтін болады

Бүгін облыстық әкімдікте өткен өңірлік үйлестіру кеңесінде "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында "Убунту" ЖШС ұсынған жоба кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық кәсіпкерлік, сауда және турзим басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асхат Жармағанбетовтің айтуынша, былтыр іске қосылған аталмыш серіктестік өз бизнесін одан әрі дамыту мақсатында Оңтүстік Кореядан қосымша жабдық сатып алуды көздеп отыр.

"Майкөбе-Инвест" ЖШС-мен келісімшарт бойынша жұмыс істейтін өндіріс ошағы 1700 шаршы метр алаңда орналасқан. Жалпы құны  47 млн теңгені құрайтын жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде 35 жаңа жұмыс орны ашылады.

"Қазіргі таңда тұтынушыларымыз баршылық. Көмірді тапсырыс берушінің үйіне дейін жеткізіп береміз. Үкімет тарапынан қолдау болады деген  мақсатпен келген едім. Мәселе ойдағыдай шешімін тапқанына өте қуаныштымын", – дейді Бауыржан Асанов.

Кеңес мүшелерінің назарына барлығы 14 жоба ұсынылды. Оның ішінде "Фокус" ЖШС-нің жобасы кері қайтарылды.

"Бұған дейін бірнеше рет айтылғандай, 26 мың теңге көлемінде төмен жалақы ұсынатын кәсіпкерлерді қаржыландырудың қажеті жоқ", - деді аймақ басшысы Болат Бақауов.

Еске сала кетейік, "Убунту" зауытында Оңтүстік Кореяда шығарылған заманауи жабдықтар орнатылған. Бұл жабдықтарда  әдеттегі көмірге қарағанда 4-5 есе жылу беретін және оны 8 сағатқа дейін сақтайтын көмірдің екі түрі шығарылады. Жеке үйлердің қарапайым пештеріне арналған "Сотан" маркалы көмір 24 келілік қаптарға брикеттелген. Ал 3 келілік брикеттерге қапталған "Елтан" көмірі тек Оңтүстік Кореяда шығарылатын қазандықтарға арналған. 230 миллион теңге көлеміндегі жеке инвестицияға салынған зауыт әр ауысым сайын 90 тонна брикеттелген көмір шығара алады. Кәсіпорындағы 18 жұмысшының орташа жалақысы 80 мың теңгені құрайды. "Убунту" ЖШС болашақта Оңтүстік Корея технологиясы бойынша қазандықтар шығаруды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу