Павлодардағы өңдеу орындарында шикізат тапшы

Сондықтан ұн дайындауда қиындықтар бар. 

Павлодардағы өңдеу орындарында шикізат тапшы

Павлодар облысындағы бірнеше кәсіпорын шикізаттың тапшылығы салдарынан жарты жыл бойы тұралап тұр. Бұл туралы "Жан-Дос.Kz" ЖШС басшысы Жанар Серімова Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың бизнес өкілдерімен кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жанар Серімованың сөзінше, бүгінгі таңда өңдеу орындарына шикізат жетпейді. Биыл жиналған астық та шекараның арғы жағына сатыла бастағанға ұқсайды. Соның салдарынан бірнеше кәсіпорын жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Оның ар жағында мыңдаған тонна өніммен бірге жүздеген жұмысшының отбасы бар. Сондықтан кәсіпкер шикізат экспортының көлемін шектеу немесе сыртқа сатуға мүлде тыйым салу тетіктерін қарастыруды сұрады. Әлібек Қуантыровтың айтуынша, қазір бұл мәселе қаралып жатыр. Басты міндет шикізат экспортын азайту болып отыр.

Айта кетейік, биыл павлодарлық шаруалар былтырғы рекордтың көрсеткішті қайталауға бекініп отыр. Өткен жылы соңғы 30 жылда алғаш рет 1 млн тоннадан астам өнім жиналған болатын. Жалпы, аймақта 912 мыңнан астам тонна астықты сақтауға арналған 257 қойма бар.

Осы орайда кәсіпкер бірнеше жылдан бері титықтатып келе жатқан тағы бір мәселені айтты. Ол – өңдеу орнына шикізат жеткізетін теміржол құрылысының созбалаңға салынуы. Жанар Серімованың айтуынша, осыдан үш жыл бұрын 1 шақырымнан астам жол салу бойынша жоба дайындалып, облыс билігі тарапынан қолдау тапқан. Бірақ бұл жобаны Қаржы және Ұлттық экономика министрлігі бір-бірлеріне итеріп келеді.

"Техникалық-экономикалық негіздеменің болмауы салдарынан жоба қаралмайды" деген шешім де шыққанға ұқсайды. Алайда мемлекеттік сараптама орталығы бір шақырымдық жолға мұндай құжат керек емес деп есептейді.

"Орталық органдардың өзара түсінісе алмауының салдарынан онсыз да аз шикізатты жеткізу қиын болып отыр", - дейді өңдеу орнының басшысы.

Министр бұл мәселені де назарға алуға уәде берді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу