18 наурыз күні сағат 03.51-де облыс орталығының іргесіндегі Павлодар ауылында гаражға жапсарлас салынған бір бөлмелік уақытша баспананың отқа оранып жатқаны туралы хабар түсті.
Оның ағаштан жабылған төбесі, үйдегі жиһаздар мен киім-кешек жанып кетті. Қызыл жалын шарпыған аумақ - 40 шаршы метр.
"Өртті сөндіру кезінде уақытша салынған баспанадан екі адамның денесі табылды. Олардың кім екені анықталуда. Сондай-ақ, үйден 50 литрлік газ баллон шығарылды. Өрт сағат 05.10-да толығымен өшірілді", - деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.
Бұл түні Павлодар қаласындағы Ген.Дүйсенов көшесі, 304 мекенжайында орналасқан құрылыс вагоны да отқа оранды.
Өрт сөндірушілер оқиға орнынан денесі жанып кеткен адамды анықтады.
Аталған екі қайғылы жағдайдың орын алуына не себеп болғаны анықталып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Құндыз Қабылденова