Павлодар облысының орталығында полицияның ерекше бір түрі – ат үстіндегі тәртіп сақшылары еңбек етеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Көктем келе саяжай аумағында ұрлық-қарлық көбейетіні белгілі. Осындай құқық бұзушылықтың алдын алып, заңға қайшы әрекет еткендердің ізіне жедел түсіп, істің бетін ашу үшін атты полиция жұмыс істейді. Күні кеше олар оңтүстік полиция бөліміне қарасты "Строитель", "Южный", "Энтузиаст", "Яблонька" және "Металлург" саяжайларында іске кірісті. Тәртіп сақшылары күн сайын сағат 08:00-ден 21:00-ге дейін кезекшілік етеді. Патрульдің мұндай түрі қара күзге, тіпті алғашқы аяз түскенге дейін қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды.
Павлодар жол-патрульдік полиция батальоны кавалериялық взводының командирі Бердібек Даяндахтың айтуынша, мұндай қызметке 19 патрульдік полицей тартылған. Олардың иелігінде барлығы 15 ат бар.
"Атпен патрульдеудің артықшылығының бірі, олардың әмбебаптығында. Атпен кез келген жерден өтуге болады. Әдетте көлік көктемгі уақытта батпаққа батып қалса, жаяу жүретін полиция өкілдері шөп басып кеткен аумақтан әрең өтсе, жылқылар кез келген жерден қиындықсыз өтеді. Атты полицейлер бұзақылардың ізіне де оңай түсіп, тез жете алады. Әр полицияға жеке ат берілген. Бұл жұмысқа орналасар алдында тәртіп сақшылары қалалық ат спорты федерациясында атқа мінуді үйренеді. Бұл оқудан сүрінбей өткен қызметкерге ғана сертификат беріліп, сол сертификаты барлар қызметке кірісе алады", – дейді Бердібек Даяндах.
Патрульдеудің мұндай түрінің игілігін саяжай тұрғындары да байқады. Олар ат үстіндегі полицейлер жұмысқа кіріскелі құқық бұзушылықтың айтарлықтай азайғанын айтады.
"Ұрлық саны азайды. Металл ұрлаудың жолын кескелі үш жылдай уақыт болып қалды. Автопатрульге қарағанда ат үстіндегі полицей кез келген көшеге қиындықсыз кіре алады. Жоғарыдан жағдайды бақылаған да ыңғайлы. Қысқасы, мұндай қызмет бізге жақсы көмектесіп жатыр", – дейді "Южный" саяжай әкімшілігінің төрағасы Сергей Бондарь.
Тек өткен жылдың өзінде атты полицейлер саяжай аумағынан 70-тен астам адамды құрықтады. Олардың қатарында қоғамдық орында ащы су ішуге әуес адамдар, елге заңсыз келіп, жұмыс істеп жүрген шетелдіктер, тіпті іздеуде жүрген қылмыскерлер бар. Сондай-ақ, соңғы үш жыл аралығында ірі көлемдегі ұрлық, есірткі сақтау сынды қылмыстардың бетін ашты.
Егер штат көлемін ұлғайтып, жылқы санын арттырса, мұндай полиция түрін қаланың солтүстік бөлігіндегі саяжай аумақтарын патрульдеуге де енгізу жоспарда бар.