Павлодардағы сырғанақтардан 800-ге жуық бала зардап шекті

Оларға медициналық көмекке жүгінуге тура келді. 

Павлодардағы сырғанақтардан 800-ге жуық бала зардап шекті Фото: pavon.kz

Қыстың бір қызығы – сырғанақ. Алайда қызыққа кенелемін деп жарақат алып қалу да әбден мүмкін. Сондықтан дәрігерлер сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Бүгінде облыс орталығында барлығы 23 мұз айдыны мен 10 сырғанақ бар. Сырғанақтардың алтауы әкімдікке қарасты болса, төртеуі – жекеменшік иелігінде. Бірақ олардың барлығы бірдей қауіпсіз деп айта алмаймыз. Абайламаса, ауыр жарақат та алуы ықтимал. 

Жергілікті дәрігерлердің есебі бойынша, 2023 жылы сол сырғанақтар мен мұз айдындарында 636 бала түрлі жарақат алса, бұл жолы қыс басталғалы 787 бала зардап шекті. Көп жағдайда сүйегі шығып, сынып, денесі ісіп, көгеріп жатады. Бас сүйек – ми зақымы, жілік, білек сынуы сынды ауыр жарақаттар да кездеседі. Тәулігіне орта есеппен 80 бала дәрігер көмегіне жүгінсе, оның ішінде 7-8 баланы ауруханаға жатқызуға тура келеді. Сондықтан дәрігерлер балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. 

"Бала биік сырғанақтан төменге қарай ылдилаған кезде астыңғы жақта ересек адамның жағдайды бақылап, күтіп алғаны дұрыс. Сырғанақтың жоғары жағынан тюбингке отырған баланы итеріп, қарап тұрғанға қарағанда өзі де төменге түсіп, қарайласқаны әлдеқайда жақсы. Сол кезде жарақат алу қаупі де айтарлықтай азаяды", – дейді Павлодар облыстық балалар ауруханасының дәрігері Талғат Қасымбеков. 

Оның айтуынша, бір қарағанда дөңгелек тюбингтер балалар үшін қауіпсіз болып көрінгеніне қарамастан, олардан келетін залал көп. Себебі басқарып, тоқтату қиын. Оған қарағанда шанамен, тақтайшалармен сырғанаған абзал. 

Өз кезегінде жергілікті әкімдік сырғанақтардың жалпы жағдайын бақылауда ұстайды. Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әсет Әбілтаевтың айтуынша, мамандар тобы аптасына екі рет мұз айдындары мен сырғанақтарды тексереді. Қажет болған жағдайда қосымша қар салып, су құйып, срығанақты қатырады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу