Павлодар облысына қарасты Екібастұз қаласындағы №22 мектепте таңғы 7:10-да электр желілері қорабынан түтін шығып, сымдар мен қорап жанды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бірден өрт дабылы жүйесі іске қосылды. Абырой болғанда, қою түтін ірі өртке ұласқан жоқ. Дегенмен, 719 оқушының барлығы қашықтан оқу режиміне ауыстырылды.
"Бүгін мектеп ғимараты желдетіліп, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ертең оқушылар штаттық режимге қайта ауысуы мүмкін", - дейді Екібастұз қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Динара Ахметова.
Бұл оқу орны 1992 жылы пайдалануға берілген болатын. Осыдан бес жыл бұрын оқу орнының қасбеті мен төбесін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2019 жылы энергиялық аудиттен өтті. Ал былтыр мектепті толықтай күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындауға қаржы бөлінді.
Айта кетейік, бұл – Павлодар облысындағы мектептердегі алғашқы төтенше жағдай емес. Бұған дейін бір апта ішінде облыс орталығындағы №1 және 28 мектептерден өрт шыққан еді. Қазіргі уақытта бірінші мектепті қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, оқушылар қайтадан парталарға отырды. Ал 1200 шаршы аумақ отқа оранған №28 мектепте әлі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Құндыз Қабылденова