Павлодардағы зауыттардың бірінен зениттік снарядтар табылды

1471

Полиция 522 жарылғыш зат тәркіледі.

Павлодардағы зауыттардың бірінен зениттік снарядтар табылды

Павлодар облысының аумағында "Қару" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда, оның аясында құқық қорғау органдарының қызметкерлері 1 315 рейдтік іс-шара өткізді, деп жазды inbusiness.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

“Нәтижесінде заңсыз айналымнан 70 қару, екі граната, 104 патрон және 522 жарылғыш зат тәркіленді. Сонымен, Павлодар қаласының Солтүстік полиция басқармасының кезекші бөліміне қаладағы зауыттардың бірінен зениттік снарядтар табылғаны туралы қоңырау түсті. Осы шақыруды пысықтау кезінде бұл снарядтардың темір қалдықтары бар вагондармен келгені анықталды. Болжам бойынша Семей қаласындағы полигоннан жеткізілген. Снарядтар тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, пайдаланылған снарядтар жарылу қаупін тудырмайды. Жалпы саны – 522 дана”, – деді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.  


Екібастұз қаласында патрульдік іс-шара барысында 22 жастағы азамат ұсталып, оның күртешесінің сыртқы қалтасынан электрошокер тәркіленді. Қару тіркелмеген. Аталған факт бойынша сараптама тағайындалды. Тіркелмеген қаруды алып жүру және сақтау фактілері бойынша 44 құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 95 заңды тұлға, 8 954 азаматтық қарудың жеке иелері тексеріліп, нәтижесінде 304 заң бұзушылық анықталды.  

“Азаматтық қару мен патрондарды сақтау, пайдалану немесе тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 238 азамат жазаланды. Қаруды есепке алу тәртібін бұзғаны үшін 66 тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Тексеру нәтижесі бойынша заңбұзушылыққа жол берген иелерінен 340 қару тәркіленді”, – деді Жасқайрат Қайыров.  

Полицейлер бұл жедел-профилактикалық іс-шара қаруды, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды қолдану арқылы жасалған қылмыстардың алдын алу және ашу, қаруды заңсыз айналымнан шығару, азаматтық қару иелерінің заңнама талаптарын сақтауын тексеру мақсатында өткізіліп жатқанын еске салады.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу