Павлодардағы жылу-электр орталығы толықтай дерлік тозып тұр

Мұндағы тозу деңгейі 81%-ды құрайды.  

Павлодардағы жылу-электр орталығы толықтай дерлік тозып тұр Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Кейінгі жылдары елімізде әбден тозығы жеткен жылу-электр станциялары қыстың қақаған күнінде тоқтап қалып, тұрғындарға ауыртпалық салып отыр. Олардың қатарында ескірген 19 ЖЭО "қызыл аймаққа" іліккен еді. Олардың қатарында Павлодардағы станциялар да бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ұзақ жыл бойы кешенді жаңғырту жұмыстарын көрмеген жылу-электр орталықтары бірінен соң бірі істен шығып, сақылдаған сары аязда қиындық тудыратын болды. Риддер, Екібастұз қалаларындағы төтенше жағдайлар – соның бір көрінісі. Өкінішке қарай, Павлодар облысының орталығындағы жылу станцияларындағы жағдай да мәз емес. Өткен жылу маусымын бұл станциялар әупірімдеп жүріп өткерді. "Шықпа, жаным, шықпа"-ның "кебін" кейіп, осыдан 10 күн бұрын кезекті жылыту маусымын аяқтады.

Енді жөндеу жұмыстарына білек сыбана кірісетін кез туды. Әсіресе, қаладағы ең ескі станция - №2 жылу-электр орталығында ауқымды жұмыс атқарылуы тиіс. Бұл – 1961 жылы шаһарда іске қосылған жылумен қамтитын алғашқы кәсіпорын. 60 жылдан астам уақыт аралығында мұндағы құрал-жабдықтар, қазандықтар мен мұржалар әбден ескірді. Талдау нәтижелері станцияның 81%-ы тозғанын көрсетіп отыр. Бұл – ең жоғары тозу көрсеткіштерінің бірі. Жағдайдың күрделі болғаны соншалық, тіпті оның жұмысын тоқтату мүмкіндігі қарастырылған еді. Дей тұрғанмен, оның көп уақыт пен қыруар қаржыны қажет ететіні ескеріліп, қолда барды қайта жаңғыртудан өткізу ұйғарылыпты. Аталмыш жылу-электр орталығының иесі – "Павлодарэнерго" АҚ бас директоры Олег Щемельдің айтуынша, биыл алғаш рет №2 және №3 орталықтарды жөндеу жұмыстарына 13,2 млрд теңге бөлініп отыр. Бұған дейін мұндай сома қарастырылған емес. Салыстырмалы түрде қарасақ, былтырғы жөндеуге 5,5 млрд теңге жұмсалған-ды.

"№2 жылу-электр станциясында барлық құралды жаңарту керек. Біз осы мақсатта арнайы бағдарлама әзірледік. Алдымен турбинаны ауыстырудан бастаймыз. Биыл мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіледі. Тағы бір-бір жарым жыл оны дайындауға кетеді. Тек 2026 жылы оны орнатуға мүмкіндік туады. Содан соң екінші, үшінші мұржалар да жаңартылады. Яғни, үш мұржаны қайтадан салуға кемінде 6-7 жыл уақыт керек. Ал қазандықтарды тек күрделі жөндеумен шектелеміз", - дейді ол.

№3 жылу-электр орталығы да "жарытып" тұрған жоқ. Оның тозу көрсеткіші – 57%. Мұнда да бірқатар жұмыс қолға алынбақ. Мәселен, ұзындығы 180 метр болатын түтін мұржасын орнату ісі аяқталып қалды. Ол бұрынғысын алмастырмайды. Есесіне станцияның жұмысын тоқтатпай-ақ жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгеге шықты. Сонымен қатар, станцияда бірнеше турбоагрегат пен қазандық агрегаты жөнделмек.

Кәсіпорын басшылығы аталған жұмыстардың сапалы атқарылуы "қызыл аймақта" тұрған жылу-электр орталығының жағдайын жақсартады деген сенімде. Бірақ оның өзіне бірнеше жыл мен қомақты қаржы қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу