"ПавлодарЭнерго" АҚ қарасты №3 жылу-электр орталығындағы трансформатор отқа оранды. Қазіргі уақытта зардап шеккен азаматтар бойынша ақпарат анықталуда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт кеше 18.25-те басталған. Алдымен 15 шаршы метр аумақта трансформатор майынан өрт шығып, кейін ол №3 цехтың ішіне кабель арқылы тарады. Барлығы шамамен 180 шаршы метр аумақ отқа оранды. Соның салдарынан №5 қазандық агрегаторы мен №5 турбогенератордың жұмысы тоқтады.
"Тұтынушылар үшін жылумен, ыстық сумен қамтуда ешқандай шектеу болған жоқ. Өрт болған аумаққа жақын орналасқан құралдар отқа оранған жоқ. Станцияның жұмыс режимі қысқа уақыт аралығында қайта қалпына келтіріледі", – деп хабарлады "ПавлодарЭнерго" АҚ баспасөз қызметі.
Павлодар облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі бастығының орынбасары Думан Қыдырмоллаевтың айтуынша, станциядағы өртті сөндіруге төрт сағаттан аса уақыт кетті.
"Өрт шыққан аумаққа тез арада 21 бірлік техника мен жеке құрамның 80 қызметкері жетті. Нысан өкілдерінің электр энергиясының уақытылы сөндірмеуі жағдайды қиындатты. Өрт толығымен 22.39-да ауыздықталды", – дейді Думан Қыдырмоллаев.
Жергілікті энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салхановтың сөзінше, оқыс оқиғаның салдары тұтынушыларға сезілмеуі тиіс.
"Электр энергиясын беру бойынша шектеулер болмайды. Станция бірыңғай энергия жүйесінде жұмыс істейді. №3 ЖЭО-да қуаттылық төмендеген жағдайда басқа энергия көздері оның орнын толтырады. Ыстық сумен қамтуда да қиындықтар туындамайды", – деп хабарлады Ержан Салханов.
Бүгін шығындарды есептеу және қалпына келтіру жұмыстарын реттеу бойынша шаралар басталды.
Құндыз Қабылденова
Фото: Төтенше жағдайлар департаментінен