Өңірдегі спорт нысандарына жүргізілген тексерулерден біршама заң бұзушылық анықталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардың қатарында стадиондар, бассейндер, спорт мектептері, мұз айдындары мен футбол манеждері бар.
– Спорттық құрылыстардың заңсыз түрде жеке тұлғалардың иелігіне берілгені анықталды. Аталған нысандар коммерциялық мақсатта пайдаланылып, жалдау ақысы төленбеген.
Мысалы, Павлодар қаласында хоккей корты үш жыл бойы тегін пайдаланылып, ал коммуналдық шығындар бюджет қаражаты есебінен өтелген.
Спорт мектептерінің қызметінде 10 млн теңге сомасына ұрлық және жалған төлемдер фактілері анықталды.
Атап айтқанда, бір ауданда бухгалтер 3 жыл ішінде өзіне заңсыз түрде шамамен 6 млн теңге аударған. ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс сотта қаралуда, – делінген хабарламада.
Спорт ұйымдарында жалған дипломдары бар жаттықтырушылар, сонымен қатар бұрын халық денсаулығына және имандылыққа қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықа тартылған қызметкерлердің жұмыс істегені де белгілі болды.
Өкініштісі сол, спортшыларды жоқ қонақүйлерге орналастыру бойынша жалған шарттар жасалған. Нәтижесінде келтірілген залал 2,8 млн теңгені құрап отыр.
Тексеру нәтижелері спорт нысандарының басым бөлігінің тозған күйде екенін байқатқан. Мысалы, трибуналардың қирауы, шатырлардың ағуы, мүгедектігі бар адамдарға жағдайдың болмауы, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмеуі.
Аталған барлық заң бұзушылық бойынша оларды жою және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мақсатында қадағалау актілері енгізілді.