Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" Павлодар облыстық филиалы мәлім етті.
Облыстық аурухананың бірінші мамандандырылған бригадасы алғашқы күні Тереңкөл ауданының Береговое және Баянауыл ауданының Ұзынбұлақ, Ақши ауылдарында 3 мыңнан астам адамды қабылдады.
"2019 жылы медициналық қызметтерді сатып алуға өткен жылмен салыстырғанда бюджеттен 5%-ға артық қаржы бөлініп, амбулаторлық-емханалық көмекті дамытуға бағытталды. Акция барысында ақ желеңділер әйелдердің денсаулығына көп көңіл бөлді. Себебі олар таңнан кешке дейін шаруадан қолдары босамайды. Соның салдарынан скрининг тексерулерін уақытында өтпей жатады. Сондай-ақ, дәрігерлер кейбір пациенттерге толық тексеруден өту үшін облыстық ауруханаға жолдама берді. Көбінесе әртүрлі созылмалы аурулармен жүгінеді", – дейді филиал директоры Айдар Ситказинов.
Сондай-ақ, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" Павлодар облысы бойынша филиалының мамандары елімізде кезең-кезеңмен жүзеге асырылып отырған реформа жайлы айтып берді. Жаңа жүйе 2020 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істей бастайды.
Айта кетерлігі, 22 сәуірде облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" Павлодар облыстық филиалының қолдауымен басталған акция 6 мамырға дейін жалғасады. Шара облыстың барлық аудандарында жалғасын тауып, дәстүрге айналмақ.