Павлодардың жаңа әкіміне инфрақұрылымды жаңғырту тапсырылды

607

Павлодар облысына жаңа әкім тағайындалды. Өңірді 44 жастағы Асайын Байханов басқарады.

Павлодардың жаңа әкіміне инфрақұрылымды жаңғырту тапсырылды Фото: vlast.kz

Ол бұған дейін Павлодар қаласының әкімі қызметін атқарып келді. Өңір активімен өткен кездесуде Премьер-министр Әлихан Смайылов, басты міндеттің бірі инфрақұрылымды жаңғырту екенін атап өтті. 

Сондай-ақ, Екібастұз мәселесін ерекше назарға алып, жылыту маусымының қалыпты жағдайда өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Желтоқсанның басында бұрынғы әкім Әбілқайыр Сқақов қызметінен босатылғаннан кейін, орнына уақытша бірінші орынбасары Олег Крук отырды. Содан бері лауазымды орынға төрт-бес кандидаттардың есімі аталған. Араға апта салып алыпқашпа ақпаратқа да нүкте қойылды. Президент тапсырмасы бойынша, мәслихаттың 177 депутаты алдында екі үміткер ұсынылды. Оның бірі бұған дейін Павлодар қаласының әкімі болған Асайын Байханов, екіншісі Баянауыл ауданының әкімі Серік Батырғожинов. 135 депутаттың қолдауына ие болған Байханов әкім болып бекітілді.

Жаңа әкімді тағайындауға келген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов, оған бірқатар тапсырмаларды жүктеп кетті. 

Солардың ішінде ең басым тұрған міндеттің бірі,  инфрақұрылымды жаңғырту. Және де қиын жағдайға ұшыраған Екібастұз қаласының бұдан арғы жаңдайын назарда ұстауды тапсырды. 

"Өкінішке қарай, Екібастұз қаласының жылу желілерінде апат болып, тұрғындар жылусыз қалған еді. Жан аямай жұмыс істеген мамандардың арқасында жылу беру қалпына келтірілді. Қазіргі кезде апаттың себептері анықталып жатыр, нәтижесі шыққан соң кінәлілер жауапқа тартылатын болады. Әкімдік бұл мәселені ерекше назарға алып, жылыту маусымының қалыпты жағдайда өтуін қамтамасыз етуі керек", дейді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

Екібастұздағы төтенше жағдайға байланысты құрылған жедел штаб басшысы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, зардап шеккен барлық үйлерге жылу берілгенін мәлімдеді. 

Ол туралы Үкіметтің телеграм каналында ақпарат таратылды. Әйтсе де, кеншілер қаласындағы апат зардабы толықтай жойылғанша техногендік төтенше жағдай режимі сақталып, штаб жұмысын жалғастыра береді. 

Есенбек Санатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу