Павлодарға қымбат картоп қайдан келді

170

Бұған дейін картоп бағасы 140-150 теңгеден аспайтын.

Павлодарға қымбат картоп қайдан келді Фото: canva.com

Павлодарлық тұтынушылар кей жерлерде картоптың келісі 300 теңгеге дейін қымбаттап шыға келгеніне алаңдаушылық танытты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ол Грузиядан жеткізілген. Жаңа жылдық мейрамнан соң Павлодардың бірнеше ірі дүкенінде картоптың бағасы 250 теңгеден басталатыны таңғалтты.

Билік өткен күзде мол өнім жиналғанын, қыста өнім жеткілікті болатынын хабарлаған. Ендеше бұл қалай болғаны? Анықталғандай, әлеуметтік дүкендердегі картоп бағасы қымбаттамаған. Тұрақтандыру қорына салынған өнім жеткілікті.

– Биылғы қаңтар айының басында облысқа Грузиядан картоп партиясы келіп түсті. Бөлшек сауда желісіндегі импорттық тауардың бағасы 250 теңгеден астамды құрайды. Ал облыстың тұрақтандыру қорында шамамен 4 мың тонна картоп бар. Бұл өнімді сату тұрақтандыру қорының әріптес дүкендерінде және "Jailau" фермерлік нарығында жүзеге асырылады. Алдағы күндері Тұрақтандыру қорынан картоп "Small" супермаркеттер желісіне жеткізіледі. Облыстың ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерімен жасалған меморандум шеңберінде картопты әлеуметтік дүкендерге жеткізу тұрақты жүргізіледі. Тұтынушылар үшін павлодарлық картоптың бағасы 120-140 теңге. Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін өнімнің жеткілікті көлемі бар, – деп хабарлады өңірлік кәсіпкерлік басқармасынан.

Былтыр аймақтың көкөніс өсірушілері 768,6 мың тонна картоп жинаған. Оның 360 мың тоннасы қоймаларға салынған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу