Павлодарлық "Best Milk" зире мен бұрыш қосылған құрт өндіруде

951

Павлодарлық "Best Milk" зире мен бұрыш қосылған құрт өндіруде

Павлодарда Best Milk ЖШС зире мен бұрыш қосылған құрттың әртүрлі пішіндегі 20 түрі мен сарысудың 10 түрін және дәнді ірімшік өндіруде. Бұл туралы  кәсіпорын директорының  сапа жөніндегі орынбасары Марина Рейдина өңірлік коммуникациялар қызметі  өткізген  көшпелі баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Бүгінде жұмыс істеп тұрған зауытты сатып алу үшін "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында жылдық алты пайызбен 90 миллион теңге несие алдық, - дейді Марина Рейдина. - Кәсіпорын жеті жыл бойы иесіз тұралап тұрған. Басында бір тонна өз сүтімізді ғана өңдейтін едік. Кейін  ісіміз алға баса бастаған соң, мемлекеттік бағдарлама арқылы қосымша құрал-жабдықтар  мен 10  "танк" сатып алдық".

Қалдықсыз өндіріске көшкен  кәсіпкер бұған дейін сарысуды тиын-тебенге  мал азығы ретіне сатып келген болса,  қазіргі таңда шөлмектегі  әртүрлі сарысу шығаруды қолға алған. Табиғи өнімдерді пайдаланып, жаңа өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз етуге бағытталған компания "Өндіріс" бағдарламасы арқылы кәсіпорынды толғымен жаңғыртудан өткізген.

"Тәулігіне  35 тонна сүт өңдейміз, - дейді директордың орынбасары. – Оның үш тоннасы өзімізден болса, қалғанын шаруа қожалықтардан сатып аламыз. Шарбақты және Качир ауыл шаруашылығы кооперативтерімен тығыз жұмыс істейміз. Алдағы уақытта  күнделікті өңделетін сүттің көлемін 60 тоннаға дейін арттыру ойда бар".

Үкіметтің қолдауын сәтті пайдаланған Best Milk ЖШС  құрт шығару мақсатында Қырғызстаннан арнайы жабдық сатып алған. Толығымен автоматтандырылған жүйеге көшкен цехта 10 тонна құйылған сүттен  екі тонна таза ірімшік алуға болады.  

Жергілікті сүт өнімдер желісін Семей, Ақсу, Екібастұз қалаларының тұрғындары тұтынады. Бұдан басқа,  аптасына үш рет  Астанаға 10 тонна өнім жіберіледі.

Айта кетейік, Best Milk ЖШС-нің тарихы 2012 жылы  Качир ауданының Береговое ауылындағы шағын цехтан басталған. Кейін өз ісін кеңейткен бизнесмен Екібастұз қаласында қосымша сүт зауытын жалға алған.  Бүгінгі таңда кәсіпорында  100 шақты адам жұмыс істейді.  Биыл қосымша 60 тонна өнім сақатуға мүмкіндік беретін екі тоңазытқыш орнатып, сэндвич панельдерден  жеке цех салу жоспарланып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу