Павлодарлық 12 кәсіпкер пара бергені үшін істі болған

945

Елімізде пара алған адам ғана емес, оны берген адам да жауапқа тартылады. Сондай 12 жағдай Павлодар облысында тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодарлық 12 кәсіпкер пара бергені үшін істі болған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысы Ернар Баянғазин жемқорлықпен күресте бизнес-қауымдастықтың рөлі зор екенін атап өтті.

"Өкінішке қарай, кей кездері кәсіпкерлердің өздері пара беруге құлықты болып тұрады. Бірақ кейін өздері де қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын түсіне бермейді. Айталық, соңғы екі жылда жемқорлық әрекеттер жасағаны үшін 12 кәсіпкер түрмеге қамалып, айыппұл төледі", – дейді Ернар Баянғазин.

Мысалы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасарына қызмет көрсету актісіне қол қоюы үшін 14,5 млн теңге берген "Арт-class" ЖШС директоры 1,5 жылға сотталды. Пара алған шенеунік 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысына мемлекеттік конкурста жеңіске жету үшін 3 млн теңге берген "Холдинг "Аврора" ЖШС басшысының басы да бәлеге қалды. Ол 3 млн теңге пара бергені үшін 45 млн теңге айыппұл төледі.

Сонымен қатар Павлодар облысы әкімі аппаратының мәліметінше, былтыр 6 мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысы болғаны үшін жұмыстан қуылды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу