Таяуда ел көлемінде көктемгі әскерге шақыру басталғаны белгілі. Бұл уақытта Павлодар облысының бір топ азаматы Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға бір жылдық мерзімге аттанады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Көктемгі шақыру кезінде Павлодар облысынан 679 азаматты шақыру жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне – 60 адам, ҚР Қорғаныс министрлігіне – 340 адам, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне – 20 адам, Мемлекеттік күзет қызметіне – 9 адам және ҚР Ұлттық ұланға – 250 адам шақырылады.
Мерзімді әскери қызметке 18 жастан 27 жасқа дейінгі, шақырудан кейінге қалдырылуға немесе босатылуға мүмкіндігі жоқ азаматтар жатады.
Олар шақыру қағазы немесе СМС хабарландыру бойынша жергілікті әскери басқару органдарының шақыру комиссияларына келуі керек.
"Әскерге шақырылатын азаматтарға жеңілдіктер бар. Айталық, барлығы 14 айға несие бойынша демалыс алады. Оның ішінде 2 ай уақыт әскерден кейінгі бейімделуге, банкпен бірлесіп төлем кестесін қайта дайындауға беріледі. Бұл аралықтағы несиені мерзімінен кешіктіру немесе қандай да бір үстемақы қосу шаралары жүргізілмейді. Тағы бір жеңілдік – тегін жоғары білім алу. Әскерде борышын өтеген соң оларға сертификат беріледі. Сол арқылы жоғары оқу орнына ақысыз түсе алады", - деп түсіндірді Павлодар облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Бекзат Оразов.
Көктемгі шақыру 30 маусымға дейін жалғасады. Кейін 1 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында күзгі шақырылым болады. Оның барысында 547 жас әскер қатарына шақырылмақ.
Сөйтіп, биыл барлығы 1 226 азамат шақырту алуы тиіс.