Павлодар облысының полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері 1 240 автомобиль жолының учаскесі тексерілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Жол сапасының нашар болуы және жолдағы жөндеу жұмыстары кезінде өндірістік ережелерді сақтамағаны үшін 209 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында 21 ауыл әкімі бар", – деді Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.
Ал бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Павлодар облысының әкімі өңірдегі жолдардың 89%-ы жақсы жағдайда екенін мәлім етті.
"Биыл облыс аумағында барлығы 300 шақырымға жуық жол жөнделді. Келесі жылы да шамамен осынша жол қалпына келтіріледі. Оған қоса, осы жылы 15 шақырым жолда ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа барлығы 1 млрд теңге бөлінді", – деді аймақ басшысы.
Бұл ретте Әбілқайыр Сқақов ауа райының қолайсыздығы, мемлекеттік конкурстардың кеш ұйымдастырылуы мен мердігерлердің жауапсыздығы салдарынан олқы тұстар орын алатынын да жоққа шығармады. Әр кемшілікке байланысты тиісті тексеру жұмыстары жасалып, кінәлі адамдар жауап беретінін атап өтті.
Ажар Дәулетова