Павлодар қаласы №1 Балалар көркемсурет мектебі оқушыларының 75 жұмысы Ресейдің Ханты-Мансий округі жобасының "Қызыл кітап балалар көзімен" атты халықаралық сайыс-көрмесіне жіберілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Сайыс ЮНЕСКО істері бойынша Ресей Федерациясының комиссиясы қарамағындағы "Құтқару және сақтап қалу" халықаралық экологиялық акциясы аясында өткізілді.
"Аталмыш шара Ресей, Қазақстан, Татарстан және тағы басқа елдерінің 5 мыңнан астам баланың басын қосты, - деді қалалық білім беру бөлімінің маманы Балжан Әділханова. - Соның ішінен павлодарлық 27 жас дарындының жұмысы "Графика", "Кескіндеме", "Сәндік-қолданбалы өнері" номинацияларында лауреат атына ие болды. Конкурс нәтижелері бойынша "Қызыл кітап балалар көзімен" атты лауреаттар жұмыстарының жинағы шығарылды".
Айта кетерлігі, 27 оқушының әрқайсысы әрдайым халықаралық сайыстардың жеңімпаздары атанып келеді.
Аурика Бакалу және Карина Бекбай (2016 жыл) "Арман мен әлем" балалар суреті халықаралық сайысының 1,2 дәрежелі дипломанттары. Алена Коношонок және Дарья Левицкая Брянск қаласындағы "Духовные сокровища твои - 2016" сайысының дипломанттары.
"Балалар әлемді бейнелейді. Азия" сайысының дипломант атына Анна Моторная (2016 жылы) ие болды. Софья Макеева Уфа қаласындағы балалар шығармашылығы сайысының III дәрежелі жеңімпазы. Жеті жастағы Марк Финк 2016-2017 жылдары халақаралық сайыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы, Польшадағы "Все голубо, все зелено" медалінің иегері, "Балалар әлемді бейнелейді. Алматы. Орталық Азия" сайысының жеңімпазы, Уфа қаласында өткен А.Кузнецов атындағы халықаралық сайысының дипломанты.
2017 жылы Минск қаласындағы "Ғаламшардағы балалар бір-бірімен дос" сайысында Валерия Андреева, Чехиядағы графика сайысында Іңкәр Абзал (2017 жыл) дипломант атанған.