Павлодар облысында әйел адам "бизнесін дамытпақ болып" таныстарынан қарызға ақша алған. Алайда қомақты соманы кәсіпті дамытуға емес, жеке қажеттіліктері үшін жұмсап, берешегін қайтаруға асықпаған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облыстық Полиция департаменті хабарлағандай, азаматшаның ісінен бір емес, бірден бірнеше адам зардап шеккен. Олар таныстарының үстінен арыз жазып, шағым түсірген.
"Жәбірленушілердің айтуынша, таныстары олардың сеніміне кіріп, бизнесті дамытамын деген желеумен қарызға қомақты сома алған. Бірақ айтылған мерзімде кері қайтармаған. Сол себепті жәбірленуші тарап полицияның көмегіне жүгінген", – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, ол таныстарынан 110 млн теңге алып, қалтасына басқан. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталды. Қазір оның басқа да фактілерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Айта кетер жайт, Павлодар облысында жыл басынан бері 169 алаяқтық фактісі тіркелді.