Павлодарлық ардагерлерге 2 млн теңгеден беріледі

826

Өңірде барлығы 18 майдангер бар.

 Павлодарлық ардагерлерге 2 млн теңгеден беріледі Фото: Валерий Бугаев

Ұлы Отан соғысында ерлікпен көзге түскен павлодарлық майдангерлерге жергілікті билік тарапынан 2 млн теңге көлемінде қаржылай көмек қарастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ардагерлерге 1 млн теңге берілетінін хабарлаған болатын. Ал таяуда тағы 1 млн теңге қосып беретін болды. Осы аптадан бастап облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов әр ардагердің үйіне арнайы барып, құттықтауда.

Мәселен, аймақ басшысы Екібастұз қаласында тұратын Зейнолла Сүлеевтің үйінде болды. Зейнолла аға 1925 жылғы 10 қаңтарда Ақтоғай ауданының Ақкөл ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдары Украин майданында бірінші атқыштар дивизиясының құрамында жауға қарсы тойтарыс берді. Елге оралған соң туған ауылындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етті.

Ал Баянауыл ауылындағы Қайыр Хасенов Қиыр Шығыстағы артиллерия полкының құрамында шайқасқан. Майдан жолын Украинадағы 312-ші полктің құрамында бастаған Қайыр аға Жеңіс парадынан кейін Маньчжурияны азат етуге қатысты. Соғыстан кейінгі жылдары майдангер Максим-Горький (қазіргі Тереңкөл) ауданындағы Октябрь мектебінде ұстаздық қызмет етті. 1969 жылы аудандық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бірнеше рет аудандық атқару кеңесінің депутаты болып сайланды.

Майдангерлердің ендігі тілегі – әлемде мәңгілік бейбітшіліктің орнауы. Жеңіс күнін сыйлаған қарттар елдің амандығы мен тыныштығынан артық бақыт жоқ екенін айтады.

Айта кетелік, қазіргі уақытта Павлодар облысындағы 18 ардагердің 10-ы облыс орталығында тұрады. Ең қарт ардагер – Шарбақты ауданындағы 103 жасар Ефим Петренко. Ал майдангерлердің ең жасы – Николай Ступка. Биыл ол 94 жасқа толды.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу