Павлодар олыстық мәслихатының депутаты Серім Сыздықов ауылдық жерлерде мал қорымдарын салу кезінде Өзбекстан және Пәкістан елдерінің тәжірибесіне сүйенуді ұсынды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен экономика және бюжет жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті отырысында айтылды. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қайыржан Байжановтың айтуынша, облысқа қарасты аудандар мен ауылдарға әлі 148 мал қорымын салу керек. Оның біреуінің құны – шамамен 10-15 млн теңге. Ал, жобалық-сметалық құжаттарының өзіне 3 млн теңге керек. Сонымен қатар, бірқатар ауылда ветеринарлық пункт жоқ. Қазір осы мәселелер бойынша жұмыс жүргізілмек. Бұл ретте, облыстық мәлихаттың депутаты Серім Сыздықов мал көметін орындарға осыншама көп қаражат жұмсаудың керек жоқ екенін алға тартты.
"Өзбекстан және Пәкістан секілді мемлекеттерде бұл мәселе әлдеқашан шешімін тапқан. Сондықтан осы елдердің тәжірибесіне сүйену керек. Мемлекет қашан ақша бөледі деп қол қусырып отыруға болмайды. Жануарлардың өлексесін көметін бір орынның өзіне 10-15 млн. теңге салатын болсақ, облыстың барлық ауылдарын қамту үшін миллиардтаған қаржы жұмсайды екенбіз. Бұл бюджетке өте ауыр салмақ түсіреді. Мал қорымдарын салудың басқа баламаларын ойластыру қажет. Мәселен, әр ауылға жеке-жеке салмай-ақ, жақын орналасқан екі-үш елді мекеннің арасына біреу орналастыруға да болатын шығар. Сонымен қатар, бір құрылыстың жобалық-сметалық құжатына 3 млн. теңге керек деп отырсыздар. Ал, ауылдарға салатын мал қорымдарының барлығы бір типтік. Бір құжатты бірнеше ауылға пайдалануға болмай ма?", – деген ұсыныс білдірді депутат.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қайыржан Байжанов осы айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығын есепке алатынын айтты.