Павлодарлық депутаттар қабылдаған қаулы қате болып шықты

726

Қалалық мәслихаты оған өзгерістер енгізді.

Павлодарлық депутаттар қабылдаған қаулы қате болып шықты

Облыс орталығындағы қоғамдық көліктерде электронды билет енгізу әлегі былтырдан бері жалғасып келеді. Жергілікті билік пен оператор компания – "Смарт Автобус ПВ" ЖШС жолаушылардың көлік картасын пайдалануына әрекеттер жасап жатқанмен, шикілектер жиі шыға бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұл жолы қалалық мәслихат қаулы қабылдауда қателесті. 7 сәуірде қабылданған бұл құжатта жеңілдікпен жүретін топ өкілдері әлеуметтік карта арқылы жолақысын электронды төлесе ғана билет бағасының жарты сомасы ұсталатыны көрсетілген. Карта болмаған жағдайда толық бағасын өтеуге міндеттелді. Бұл жайт көпшіліктің наразылығын тудырды. Әсіресе, зейнеткерлер "Көлік картасы болмаса, неге 80 теңге беруім тиіс? Басқа зейнеткерлер сияқты 40 теңге төлеймін. Билет бағасы картаның бар-жоғына байланысты болмауы керек" десті.

Бұл мәселеге облыстың бас прокуроры Қайрат Әбдіханов та назар аударды. Оның айтуынша, көлік туралы заңнамада әлеуметтік топ өкілдері жеңілдік қарастырылған санатқа жататынын растайтын құжат көрсетсе, жеңілдікпен жүре алатыны анық көрсетілген.

"Мысалы, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға бекітілген үлгідегі куәлікті көрсетсе жеткілікті",-дейді Қайрат Әбдіханов.

Іске прокуратура араласқан соң мәслихат қаулыға өзгерістер енгізді. Соған сәйкес, енді зейнеткерлер, басқа да жеңілдікпен жүретін жолаушылар жолақысын көлік картасымен, қолма-қол ақшамен  төлесе де, бірдей сома береді.

Құндыз Қабылденова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу