Павлодарлық емханаларға 18 млн теңгеден астам айыппұл салынды

685

Емдеу мекемелері сапасыз қызмет көрсеткені үшін жауапкершілікке тартылды.

Павлодарлық емханаларға 18 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Павлодарлықтар тарапынан облыс орталығындағы №1, №2 және №4 емханалардың жұмысына қатысты шағым көп, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Биыл жыл басынан бері өңір тұрғындары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жергілікті филиалына 574 өтініш түсірген екен. Оның 467-сі – дәрігерлердің стационарлық емге уақытылы жолдама бермеуі, қабылдау мен кеңес беру уақытын созбалаңға салуы, қызмет сапасының нашар болуына қатысты. Алайда емделушілер айтқан шағымның тек алтауы расталыпты.

"Биыл тұрғындардың шағымы 62,2%-ға көбейді. Бұл олардың сауаттылығының артуына тікелей байланысты. Яғни қазір азаматтардың көбі көрсетілетін қызметтердің нормативін жақсы біледі. Мәселен, олар стационарлық емге жолдаманы 10 күн ішінде алуы керек. Осы мерзімнен асып кетсе, бізге шағымданады. Бірақ түскен шағымдардың алтауы ғана негізді екені анықталып, медициналық ұйымдарға 18,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал бас дәрігер мен медициналық қызметкерге қатысты шараны денсаулық сақтау басқармасы қарастырады. Ол біздің құзіретімізге жатпайды", – дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ облыстық филиалының басшысы Нұрлан Қасымов.

Шағым жиі түсетін №1, №2 және №4 емхана басшылары келушілердің көңілі толмауы емделушілер санының көптігіне тікелей байланысты екенін алға тартып отыр. Яғни мамандар аз, ал науқас адам көп. Әр емханада орта есеппен 70 мың адам тіркеуде тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов қызмет сапасын тіреу кабинетін, мейірбикелер бекетін ашу арқылы шешуді көздейді. Сол арқылы дәрігерлерге түсетін жүктемені азайту жоспарда бар.

Жалпы өңір тұрғындарының 82,2%-ы медициналық сақтандыру қорына тіркелген. Олар жыл басынан бері қорға 14,8 млрд теңге аударды.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу