Павлодар облысының Ақсу қаласында отын энергетикасы саласының еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді. Энергетиктер күніне орай еңбегімен ерекшеленген сала мамандары "Еңбек ардагері" медалімен марапатталды, деп жазады 24Хабар.
Биылғы жылы Ақсу электр стансасы мен "Восточный" көмір кеніші 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл екі кәсіпорын аймақтың экономикасының тірегі саналады. Жиырма жыл ішінде 232 млрд кВт/сағ электр қуатын өндірген. Тек Ақсудың электр стансасына өндірісті модернизациялауға байланысты инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін 200 млрд теңге бөлінген.
"Энергоблокты қайта жаңғырту дегеніміз не? Бұл жаңа блок, яғни жаңа қазандық, жаңа турбина. 8 энергоблоктың бізде бесеуі жаңартылды. Қазір алтыншы энергоблокты жаңғырту жұмыстары басталды. Жаңа қондырғылар алынып, басқару тетіктері ауыстырылады. Тың технологиялар енгізіледі. Бір сөзбен айтқанда, келесі буынның қолына біз жаңа стансаны тапсырамыз", – дейді Қазақстаның еңбек сіңірген энергетигі Болат Нәбиев.