Павлодарлық ер адам 3 бірдей адамға донор болды

Науқастың жүрегі мен екі бүйрегі өзге адамдардың өмірін сақтап қалды.  

Павлодарлық ер адам 3 бірдей адамға донор болды Фото: pixabay.com

Дүйсенбі күні Павлодар қаласының 43 жасар тұрғынының ми өлімі тіркеліп, туыстарының рұқсатымен донор ретінде қарастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Белгілі болғандай, 1982 жылы туған ер адам өткен аптада ауруханаға бас-ми жарақатымен түскен. Дәрігерлер науқасты аман алып қалу үшін ми ішіндегі гематоманы алып тастағанымен, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Дүйсенбі күні дәрігерлер консилиумы "ми өлімі" диагнозын қойды. 

Аймақтық трансплантология үйлестірушісі Дмитрий Потеребухтың айтуынша, ер адам көзі тірісінде донорлыққа қатысты нақты шешімді ресми түрде көрсетпеген. Сол себепті оның туыстарын шақырып, жағдайды түсіндірген. 

"Туыстары бұл жағдайға түсіністікпен қарап, орган күтіп отырған өзге жандардың жағдайын ойлады. Сөйтіп, ағза алмастыруға келісім берді", - дейді Дмитрий Потеребух.

Бұдан соң тиісті сараптамалар тағайындалып, инфекцияның бар-жоғы тексерілді. Бауыр жарамсыз екені бірден анықталды. Ал жүрек пен екі бүйректі өзге адамға салуға болатыны белгіленді. Павлодар қаласындағы әуежайдың жөндеу жұмыстары салдарынан жабық болуына байланысты ағзалар Астанаға бес сағатқа жуық уақытта көлікпен жеткізілді. Жүректі арнайы құрылғы – "мини-роботта" тасымалдаған. Онда орган қанмен қамтамасыз етіліп, жұмысын жалғастыра береді.

"Ауыр жарақат салдарынан өмірден өткен ер адамның туыстары ізгі шешім қабылдады. Соның арқасында бірнеше адамды аман алып қалу мүмкіндігі туды. Бұл ретте донорлық ағзаны жеткізуге атсалысқан барлық медициналық қызметкерге, жол бойы сүйемелдеп келген полиция өкілдеріне алғыс айтамыз", - деді

Трансплантация мен жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының мамандары. 

Жүрек жедел түрде кезек күткен науқасқа, екі бүйрек де ағза алмастыруды қажет еткен азаматтарға салынды. Жалпы, Павлодар облысы бойынша былтыр алты адам өмірден өткен соң донор атанса, жыл басынан бері 8 азамат өзгенің өмірін сақтап қалды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу