Павлодарлық кәсіпорын жылына 800 дрон шығаруды жоспарлап отыр

Мұнда төтенше жағдайға арналған өзге де техникалар дайындалмақ. 

Павлодарлық кәсіпорын жылына 800 дрон шығаруды жоспарлап отыр Фото: Валерий Бугаев

Қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне арналған тауарлар мен жабдықтарды шығару және жеткізумен айналысатын "DQB Industries" компаниясы осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын құрылған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Кәсіпорын командалық-штабтық көліктер, жедел әрекет ету автокөліктерін, жедел-қызметтік автокөліктерін және басқа да арнайы техникалар шығарады. Бұл – елімізде оқ-дәрі мен әскери техниканы әзірлеуге лицензиясы бар алғашқы кәсіпорын. Ал биылғы сәуір айынан бастап "AIBAR", "KERME", "SAMGAU" және "QYRAN" атты төрт түрлі дрон жинауды да бастамақ. Компанияның бас директоры Ержан Әуезовтің айтуынша, жылдық жоспар – 800 ұшу аппаратын дайындау. Олар 50 шақырым қашықтыққа дейін ұшуға қауқарлы болмақ. Сонымен қатар, кәсіпорында әртүрлі мақсаттарға арналған, соның ішінде жоғары өтімділікке ие қар мен батпақты жерлерде жүретін көпфункционалды пикаптардан жасалған автокөліктер өндірілуде.

Кәсіпорын басшылығы бұл жобасын облыс әкімдігіне таныстырды. Өңір басшысы Асайын Байханов жергілікті билік тарапынан қолдау болатынын айтты. 

"Мемлекет басшысы бізге цифрландыру міндетін қойып отыр. Әсіресе ұшқышсыз ұшу аппараты өндірісін ұйымдастыру қуантады. Қазіргі уақытта материалдық-техникалық базаны жаңартамыз. Табиғи немесе техногендік апаттар әрқашан болжанбайды, сондықтан кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет", – деп атап өтті Асайын Байханов.

Бүгінгі таңда жалпы инвестиция көлемі 1,1 млрд теңгеге пикап базасында арнайы автокөліктер өндірісі (жылына 100 бірлік), багги шығару (жылына 50 бірлік) іске қосылды. 2026 жылдың II тоқсанында оптикалық-электрондық өнімдер (жылына 1000 бірлік), сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын (жылына 800 бірлікке дейін) шығару өндірісін іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар бойынша жалпы инвестиция көлемі 2 млрд теңгеден асады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу