Павлодарлық колледж оқытушысы халықаралық сыйлықтың иегері атанды

159

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Павлодарлық колледж оқытушысы халықаралық сыйлықтың иегері атанды Фото: gov.kz

Павлодар облысындағы Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледждің арнайы пәндер оқытушысы Гүлмира Мешітбаева халықаралық ETF New Learning Award 2026 кәсіби байқауында беделді INSPIRATION AWARD сыйлығын жеңіп алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

ETF New Learning Award – білім беру саласындағы озық тәжірибелерді анықтауға және таратуға бағытталған халықаралық бастама. Байқау әлемнің әртүрлі елдерінен келген педагогтердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.

Гүлмира Мешітбаева байқауға "Бастауыш білім беру" мамандығы студенттерін даярлауда қолданылатын SCAFFOLD карталары бойынша тәжірибесін ұсынды. Бұл әдістеме студенттердің цифрлық технологияларды тиімді пайдалануына жол ашты. Нәтижесінде олар бейнематериалдар мен түрлі деңгейдегі тапсырмаларды қамтитын білім беру жобалары мен сайттарын әзірледі.

Жобалар бастауыш сынып оқушыларын оқытуда заманауи тәсілдерді қолдануға көмектеседі. Сондай-ақ педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетіп, ата-аналарға практикалық ұсынымдар ұсынады.

Айта кету керек, SCAFFOLD технологиясы Қазақстанда DARYA SCAFFOLD пилоттық жобасы аясында енгізілген. Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледж бұл жобаға 2024 жылдың қыркүйегінен бастап қатысып келеді. Колледж студенттері аталған әдістемені оқу барысында меңгеріп, педагогикалық практика кезінде мектептерде қолдануда.

Халықаралық сарапшылар қазақстандық педагогтің тәжірибесін жоғары бағалады. Нәтижесінде жұмыс "Scaffold құралдарын пайдалану арқылы мұғалімдердің мүмкіндіктерін кеңейту" номинациясында INSPIRATION AWARD сыйлығына лайық деп танылды.

Гүлмира Мешітбаеваға өз тәжірибесін Бельгияның Брюссель қаласында өтетін халықаралық конференцияда таныстыру мүмкіндігі берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу