Павлодар облысының аз қамтылған отбасыларына атаулы әлеуметтік көмекті төлеу үшін 2 млрд теңге жетпейді. Бұл туралы Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов айтты.
"Аудандық және қалалық жұмыспен қамту бөлімдері ұсынған мәліметке сүйенсек, атаулы әлеуметтік көмекті төлеу мақсатында бөлінген қаржы жыл соңына дейін жетпейді. Сондықтан, бюджеттік өтініштерді негізге ала отырып, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қосымша 2 млрд теңге қаржы қарастыру туралы тиісті хат жолданды", – дейді ол.
Жалпы, 1 сәуірден бастап Павлодар облысында құрамында 17 182 адам бар 3 879 отбасыға 446,3 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Ал көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту үшін Ақсу қаласындағы 102 пәтерлі баспана 907,5 млн теңгеге сатып алынды. Бүгінгі күнге дейін аталмыш тұрғын үйге Павлодар және Ақсу қалаларының 70 көпбалалы жанұясы қоныстанды.
Ақтоты Қабдықайыр