Павлодар облысындағы жергілікті "Ай-Су Мелиорация" ЖШС өңірде су құбырларын тарту ісімен бұрыннан-ақ айналысып келеді. Алайда биыл екі ауылға су желілерін жүргізу кезінде бұл компания қымбат құралдарды сатып алғаны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облысының прокуратурасы өңірдегі екі ауылда су құбыры құрылысы барысында мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманың қаншалықты сақталғанын тексерді. Соның барысында олқылықтар анықталды. Атап айтқанда, "Ай-Су Мелиорация" ЖШС құрылыс жұмыстары талапқа сай келмеді.
"Аталған компания жеткізген құралдың бағасы асыра қымбат көрсетілгені және 79 млн теңге көлеміндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарының талапқа сай еместігі анықталды. Бұл актіні орындау үшін Павлодар қалалық құрылыс бөлімі мердігер ұйымды жосықсыз мердігер ретінде тану және жоғары аталған соманы өндіру бойынша сотқа арыз түсірді", – деп хабарлады облыстық прокуратура өкілдері.
Бірақ жергілікті сот бұл талапарызды қанағаттандырған жоқ. Сондықтан бас прокуратураға шағым жолданды.
"Павлодар облысы прокуратурасының өтінішхаты және Бас прокурордың кассациалық наразылығын қарастырудың нәтижесінде Жоғары сот жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен 79 млн теңге өндіру және оны мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз мердігері ретінде тану бойынша шешім шығарды", – делінген хабарламада.