"Павлодар жылу желілері" ЖШС көпқабатты үйлерге берілетін жылу параметрлерінің төмен болғаны үшін тағы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бұл монополист компания осы жылдың қаңтар айында бес баспанадағы ауа температурасы төмен болғаны үшін 15 млн теңге айыппұл төлеген еді. Ақпанда жүргізілген тексеріс нәтижесінде одан екі есе көп айыппұл салынды.
Жергілікті табиғи монополияларды реттеу департаментінің дерегінше, Мәшһүр Жүсіп, Ткачев, Минин, Щедирн көшелерінің бойында орналасқан бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің иелерімен жылумен қамтуға қатысты түскен шағым негізінде тексеру шаралары қолға алынды.
"Павлодар жылу желілері" компаниясы жылуды температуралық кестеден төмен көлемде бергені анықталды. Соның негізінде Әкімшілік Кодекстің 164-бабы 4-бөліміне сәйкес, алты әкімшілік іс қозғалды", – деп хабарлады департамент өкілдері.
Енді кәсіпорын 29,5 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Ал "Павлодарэнергосбыт" ЖШС тұтынушыларға жіберілген түбіртектердегі соманы тұрғындардың пайдасына қайта есептеуі қажет.
Ажар Дәулетова