Павлодарлық монополистер тарифке "тояр" емес

Араға жарты жыл салмай жатып коммуналдық қызмет ақысын көтеруді сұрап отыр.

Павлодарлық монополистер тарифке "тояр" емес Фото: pavon.kz

Павлодар қаласының тұрғындарын су, жылу және жарықпен қамтамасыз етуге жауапты компаниялар бәрін ысырып қойып, тариф саясатын қарауға түбегейлі көшкен сыңайлы. Олай демеске амал жоқ. Себебі монополистер бірнеше ай бойы тарифті екі есеге көтеруге қатысты өтінім жолдайды. Ал қызметі кей кездері сын көтермейді, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Таяуда ғана облыс орталығын тәулігіне 60 мың текше метр көлеміндегі ауыз сумен қамтамасыз ететін "Павлодар-Водоканал" ЖШС тіршілік нәрінің бағасын 65%-ға дейін арттыруға ниетті екенін білдіріп, өтінім жолдады. Бұл компания онсыз да өткен жылдың қыркүйек айында судың бағасын 58 теңгеден 87 теңгеге дейін өсірген еді. Ал бұл жолғы өтінім Табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаменті сарапшыларының елегінен айдың соңына дейін өтетін болды.

Сумен қамтитын компанияның "эстафетасын" электр энергиясымен қамтамасыз ететін "Павлодарэнерго" АҚ іліп әкетті. Бұл монополист те былтыр жыл соңында қымбаттаған тарифке тоқмейілсімей, бағаны тағы да өсіруді қалап отыр. Құдды монополистер арасында челлендж басталды дерсіз.

Тарқатып айтсақ, өткен жылдың  қыркүйек айында қарапайым тұтынушылар үшін электр энергиясы 25%-ға, тұрмыстық емес мақсатта қолданылатын электр энергиясы 20%-ға, заңды тұлғаларға 21%-ға қымбаттаған еді. Әлеуметтік маңызы бар тауарларды шығаратын өндіріс орындары да бұрынғыдан 20%-ға артық төлейтін болды. Мұның өзі тұрғындардың қалтасына анық сезілді.

"Әйелім екеуіміз екі бөлмелі пәтерде тұрамыз. Күні бойы жұмыстамыз. Электр энергиясын кешкі уақытта ғана пайдаланамыз. Былтыр ары кеткенде айына екі мың теңге төлесек, жыл соңынан бері кемінде 3500-4000 теңге шығады. Бірден екі есеге дейін көбейіп шыға келді. Тағы өсіретін болса жалақының жартысы коммуналдық қызметке кететін түрі бар", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Азамат Смағұлов.

Бұл жолы монополист тарифті шамамен екі есеге арттыруды қалап отыр. Былтыр қосымша құн салығын қоспағанда 1кВт/сағатқа 15,02 теңгеге дейін артса, енді 1 ақпаннан бастап 29,316 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

"Павлодарэнергосбыт" ЖШС бас директоры Талғат Арғыновтың айтуынша, оның себебі көп. Инфляцияның өсуі, логистикалық шығындардың көбеюі, құралдар мен материалдардың қымбаттауы сынды факторлар әсер етіп отыр. Қызметкерлердің айлығын көтеру қажеттілігі де бар.

Алайда қоғамдық тыңдау барысында көпшілік тарифтің екі есе өсуін құптаған жоқ. Әсіресе, коммуналдық қызмет ақысын еселеу арқылы тұтынушылардың миллиондаған теңгелік қарызын өтеу қарастырылып отырғанына наразылық танытты.

"Электр энергиясының ақысын уақытылы төлемеген адамдардың кесірінен неге біз еселеп төлеуіміз тиіс? Бұған ай сайын жалақысының бір бөлігін монополистерге беретін тұтынушылар бас қатырмауы тиіс. Бұл нағыз әділетсіздік деп ойлаймын", - дейді тағы бір тұрғын Евгения Шквира.

Павлодарлықтар компанияның қызметі көңілдерінен шықпайтынын да білдірді.

"Таяуда қатты жел болғанда бірнеше сағат бойы жарықсыз қалдық. Одан бөлек, ара-тұра жарты күнге, бірнеше сағатқа өшіп қалатыны тағы бар. "Апаттық жағдай" болып қалды деп жауап қайырасыздар. Сонда инвестициялық табыс неге желілерді жөндеу мен жаңартуға жұмсалмайды? Неге компания тек тұтынушылар төлейтін тариф есебінен "өмір сүруі" керек? Монополист те қалтасынан қаржы шығарсын. Сонда қиындықтар да азаяр еді", - деп ашынады Владимир Струцкий есімді тұрғын.

Осы және өзге де пікірлердің барлығы ескеріліп, электр энергиясының нақты тарифі белгіленетін болады. Ол үшін табиғи монополияларды реттеу департаментінің мамандары жан-жақты сараптама жүргізеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу