Павлодарлық оқушы кәсіп ашты

943

Павлодарлық оқушы кәсіп ашты

Павлодар қаласының № 25 жалпы орта білім беру мектебінің 5 сынып оқушысы ерекше кәсіпті қолға алды. Балнұр  Аманкелді  тапсырыспен  әртүрлі формада, хош иісті сабын жасаумен шұғылданады. Іскерлік әлеміне батыл қадам басқан жеткіншек болашақта бұл кәсібінің табыс көзіне айналарына сенімді.

Жақсылық жасасаң, балаға жаса. Балнұрдың балапан бизнесін қолдауға ниет білдіргендердің дені ересектер. Түрлі геометриялық фигуралар, жүрек, гүл, қуыршақ формасындағы  түрлі - түсті сабындар әсіресе кішігірім тойларда қоржын-қалтаға салуға таптырмас сыйлық саналады. Биылғы қысқы каникулда Алматыға арнайы барып, жақын туысынан сабын жасаудың қыр-сырын үйреніп келген жеткіншек осы істі кәсіп көзіне айналдыру туралы ойлана бастағанын айтады. Қыздарының талпынысына қолдау білдірген ата – анасы тың бастама баланың уақытын жоспарлауға, тиімді пайдалануына сеп болады деп отыр. Бұл жөнінде Балнұрдың әкесі Қожакелді Аманкелдіұлы Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы баяндағаннан кейінгі аз уақыттың ішінде 80-ге жуық тапсырыс келіп түскен. Тапсырыстарды Балнұр сіңілісі Нұраймен бірлесіп, асқан қызығушылықпен орындауда. Айтуынша, салмағы 70-90    гр. сабынды жасауға 15-20 мин.уақыт жұмсалады. Адам ағзасына аллергия тудырмас үшін иіс майларды да шамалап қолданады. Қажетті шикізаттармен: сабынның негізі, әртүрлі формадағы қалыптар және түрлі-түсті бояулармен ата-анасы, туыстары қамтамасыз етіпті. Әрқайсысы 300-350 теңге тұратын жуғыш заттардың сапасы  тұтынушылардың көңілінен шығуда.  Кішкентай кәсіпкер болса түскен табыс көзін жеке есеп-шотта сақтап, кейін арнайы іскерлік орталығын ашуды армандайды. Балапан бизнестің қанаты қатайған соң, апалы-сіңілілі жеткіншектер қатарластары үшін шеберлік сабақтарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу