Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Дания Артықбаева "Шырмауық лигасы" бойынша University of Pennsylvania-ның толық грантын иеленді. Бұл жобаға жылына әлем бойынша тек 25 адам ілігеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шәкірт АҚШ-тың Пенсильвания университетіне бірден екі мамандыққа түсуге мүмкіндік алып, болашақта қос диплом иегері атанбақ.
Дания Артықбаева 7 сыныптан биология пәніне қызығушылығы артып, түрлі олимпиада мен ғылыми жобаларға қатысқан. Оқушы бұған дейін FLEX бағдарламасының финалисі атанып, АҚШ орта мектебінде бір жыл білім алған.
Бұл сапар оған ағылшын тілін білу деңгейінің артуына, дүниетанымының кеңеюіне, ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысуына септігін тигізді.
Оқушының айтуынша, UPenn бизнестің қыр-сырын меңгеруге бағытталған.
"Мен үшін бұл университетке түсу алынбайтын қамалдай болғаны рас. Өйткені Пенсильвания университеті оқуға өтінім беретіндердің 5-6 пайызын ғана оқуға алады. Әлемнің белді жоғары оқу орнында білім алатынымды естігенде қуанышым қойныма сыймады", – деді ол.