Өткен жылдан бастап Павлодар облысында жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі жұмыс істейді. Соған сәйкес, білім беру, шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына баратын балалар үшін ай сайынғы ақыны ата-ана емес, мемлекет өзі төлейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облысы әкімдігінің дерегінше, өңірде 115 шығармашылық және 15 білім беру үйірмесі жұмыс істейді. Сондай-ақ 14 мыңға жуық бала 21 спорт түрі бойынша ашылған секцияларға тегін барады. Шығармашылық табысқа 446 млн теңге, спорттық секцияларға 2,2 млрд теңге және қосымша білім беру үйірмелеріне 87 млн теңге қарастырылды.
Алайда бұл сома үш айдың аралығында игеріліп қойды. Енді оқушылар тегін үйірмелерге жазыла алмайды. Ал алғашқы болып тіркелген шәкірттер жыл соңына дейін қосымша сабақтарға ақы төлемей бара алады. Сол сияқты мемлекеттік тапсырыс аясында балалармен жұмыс істеуге ниетті кәсіпкерлер де өтініш бере алмайды.
"Бұл мәселеге қатысты ата-аналардан да, кәсіпкерлерден де шағымдар түсуде. Бірақ биылғы жоспар орындалды. Қосымша қаржы бөлу мәселесі екінші жартыжылдықта ғана қарастырылуы мүмкін", – дейді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов.
Есесіне шенеуніктер қызметіне немқұрайлы қарайтын кәсіпкерлерді және тегін үйірмелерге бармайтын балаларды анықтау үшін тексеру жұмыстарын мықтап қолға алмақ.
Ажар Дәулетова