Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
- Мысалы, сайттағы алаяқтың құрығына түскен Павлодар қаласының 32 жастағы тұрғын бар. Ол "Olx" сайтынан жалға берілетін пәтерлер тізімінен ұзақ мерзімге берілетін жайлы пәтерді лезде тауып алады. Мессенджерде хат алмасу барысында жалға беруші өзін Оксана деп таныстырып, анасының Ресей Федерациясында екенін, алайда Павлодардағы пәтерін ұзақ мерзімге тапсыратынын айтады. Пәтерді алдын ала төлемді алған соң, Павлодарға келіп, тапсыратынын хабарлайды. Ештеңеден сезіктенбеген жәбірленуші сұраған қаражатын алаяқтың абоненттік нөміріне аударған. Ақша түскеннен кейін жалға беруші байланысқа шықпаған. Яғни ол бір реттік абаненттік нөмер қолданған, – делінген баспасөз хабарламасында.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері көрші облыстың Абай қаласының 24 жастағы тұрғынын ұстады.
- Анықталғандай, ол ағымдағы жылдың қаңтар-қараша айларында әр түрлі абоненттік нөмірлерді пайдалана отырып, "Olx" сайтына хабарландырулар орналастыру арқылы республиканың әр түрлі қалаларында, соның ішінде Павлодарда да мүлде жоқ пәтерлерді төмен бағамен жалға берген. Қазіргі уақытта ол интернеттегі алаяқтықтың 50-ден астам ұқсас фактісін мойындады. Ұсталған кезде алаяқтық жасауда қолданылған 3 ұялы телефон мен 6 sim карта, жеке куәліктерінің фотосуреттері бар компьютер тәркіленді. Қазіргі уақытта ҚР аумағында жасалған басқа да ұқсас қылмыстары анықталуда. Айыпталушыға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары интернеттегі алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін, қала тұрғындарына жалға берілетін пәтерді іздеу кезінде белгілі және сенімді жылжымайтын мүлік агенттіктерінің қызметтерін пайдалануға кеңес береді.