"Шаңырақ Ассоциациясы" заңды тұлғалар бірлестігінің құрамына кіретін пәтер иелері кооперативтері аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың ПИК қызметі төлемдерінің қарыздарын өтеуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Жилсервис" ғимараттар иеленушілер кооперативінің басқарушысы Балшакар Мұқанова кооператив көмекке зәру кейбір отбасылардың қарыздарын жауып жатқанын айтты.
"Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында қауымдастыққа енген кооперативтерде осындай жұмыс қолға алынды. Осылайша аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға өз тарапымыздан көмек көрсетудеміз", - дейді Балшакар Мұқанова.
Оның айтуынша, қауымдастық мүшелері Павлодар қаласындағы ПИК-тердегі тарифтерді ортақ етуге тырысуда.
Естеріңізге сала кетейік, жақында 419 көпқабатты үйге қызмет көрсететін ұйымдардың тарифтері бір шаршы метрден бір теңгеге кемітілген болатын. Нәтижесінде ПИК-тердің орташа тарифі 19,81 теңгеге дейін түскен.
Жалпы, Павлодарда 132 кооператив жұмыс істейді. Олардың 22-сі "Шаңырақ Ассоциациясы" заңды тұлғалар бірлестігінің құрамына енген. Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің хабарлауынша, павлодарлықтардың ПИК-тер алдындағы жалпы қарызы 10 миллион теңгеге жеткен.